БІЛІМГЕ ДЕГЕН ҚҰЛШЫНЫС ПЕН ЖАҢА ИДЕЯЛАРҒА ТОЛЫ, ТОЛЫҚҚАНДЫ ӨМІР СҮРУГЕ БЕЙІМ БҮГІНГІ КЕЙІПКЕРІМІЗ ЕШҚАШАН ДА БІЛІМ АЛУДАН ШАРШАҒАН ЕМЕС. ОЛ ЖЕКЕ БАСЫНЫҢ ТАБЫСЫНАН ГӨРІ ӨЗ КОМАНДАСЫНЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ЖАҒДАЙЫНЫҢ ТҰРАҚТЫ БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙДЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ӨЗІНЕ СЕРІКТЕС САНАЙДЫ. ОҚЫРМАНДАРЫМЫЗДЫ «СОСО» СҰЛУЛЫҚ САЛОНЫНЫҢ ИЕСІ АҚЖАРҚЫН ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ ТЕМЕРГАЗИЕВАМЕН ТАНЫСТЫРМАҚПЫЗ.
Өзі филолог, экономист, сертификатталған психолог болса да, тоқтамақ ойы жоқ. Ол өзін «қызығушылықтың адамы» дейді. Егер бір нәрсеге ынтасы ауып тұрса, сол бағытқа ден қойып кетеді. Әрине, бұл уақытша болуы да мүмкін, бірақ өмір сонысымен қызықты емес пе? Кейіпкеріміздің пікірінше, жасамағаның үшін өкінгенше, байқап көрген әбден дұрыс.
– Оқуымды бітірген соң, мектепте, банкте жұмыс жасап көрдім. Ал 2000 жылдардың басында өз ісімді бастағым келетініне көзім жетті, – деп еске алады Ақжарқын Ғалымжанқызы. – Алғашқыда түрлі бағыттар болды – алдымен кадрлық агенттік, одан соң «С любовью» деп аталған тренингтік орталық, онда жеке басының тиімділігін арттыратын тренингтер өтуші еді. Ол кезде қалада бұл жаңашылдық еді, оның жұмысын жақсы жолға қойып, қарқынын көтеру оңай болған жоқ. Әйтсе де қолдан келді. Демалыс күндеріне дейін сол орталықта өтетін. Күндер өте келе, отбасыма көңіл бөлуім азайып бара жатырғанын түсініп, билік тізгінін қыздарға бердім де орталықтан кеттім. Қазір сол орталықтың түлегі Зульфия Кубаева жұмысты жақсы жолға қойып, дамытып әкетті, орталық «Автор своей жизни» («Өз өмірінің авторы») деген атаумен жұмыстануда.
Одан соң кейіпкерімізді психология қызықтырды. Бұл салаға қызыққаны сонша, сертификатталған жүйелеп орналастырушы болып шыға келгенін де байқамай қалды.
– Жүйелеп орналастырудың көмегімен түрлі тақырыптарды зерттеуге болады. Мысалы, отбасындағы қарым-қатынас, ерлі-зайыптылардың, серіктестердің, ата-ана мен балалардың арақатынасы, неліктен отбасын құру, бала көтеру қиын болатынын білуге болады, – деп түсіндірді кейіпкеріміз. – Одан басқа ақшамен арақатынасыңыз туралы да білгіңіз келсе, жұмыстағы мәселелер, өмірдегі өз орныңызды тапқыңыз келсе де, жүйелеп орналастыру сізге көмектесе алады. Қазіргі кезде гештальт-терапияға үйреніп жүрмін, бұл салада да кәсіби маманға айналамын деп үміттенемін. Ал өзіңіздің көп қырлылығыңызды ашуға, блоктарды шешуге, толыққанды болуға «Мантра сексуальности» деп аталатын трансформациялық ойын көмектеседі. Бұл ойынды да мен жүргіземін. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы бір үлкен нәтиже береді, тек оны сезінуге ғана болады.
Осылайша ішкі сұлулықпен айналысып жүрген Ақжарқын Ғалымжанқызы сыртқы сұлулыққа да ауысты. Ол «Сосо» beauty-студиясының иесі атанды. Бұл салонның жоғары сапасы мен жайлы жағдайы келушілерге ғана емес, қызметкерлеріне де арналғанын көрген кейіпкеріміз бірден сатып алып, бір жылдан бері оны алға жылжытумен келеді. Себебі Коко Шанель бренді әсемдік пен сұлулықтың, шығармашылық данышпандықтың шырқауы ретінде белгілі ғой. «Коко – бұл сән емес, Коко – бұл стиль» ұстанымымен жұмыс жасайды салон қызметкерлері.
– Салонға төрт жылдай болған. Мен сатып алған кезде де өз командасы болған. Бірақ біреулер кетті, басқалары келді. Қазіргі басты мақсат – арманымдағы команда құру. Менің түсінуім бойынша, бұл алдына мақсат қоя білетін, позитивті, алға жылжуға, өзін-өзін кәсіби тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да дамытуға дайын тұратын адамдар. Көздегінімізге жетуге жақынбыз деп те айта аламын, – деп күлімсіреді салон иесі. – Бүгінгі күні біздің салон шашты қиып-бояудың барлық түрін, маникюр, педикюр, визаж бен перманенттік макияжды ұсынады. Жақында пайда болған жағымды жаңалығымыз да бар – бетті 4D жасарту қызметі. Жаңа бағытпен жұмыс жасау кезінде дененің блоктарымен жұмыстанамыз. Бұл қазір біздің фишкамыз десек те болады. Мен өзім де шаш сәндеу шеберіне оқып алдым, көбіне тек қыздарға кеңес беріп, жалпы хабардар болып отыру үшін. Бізге ең алдымен басқарушы және салон иесі ретінде менің жеке өзімнің де, жалпы ұжымның да оқып-үйренгені маңызды. Шеберлер әрқашан даму үстінде болуы тиіс, себебі сән саласы бір орнында тұрмайды. Қазір салонның жұмыстары барлық уақытын алатындықтан психологияға мойын бұра алмай жүргенін айтқан кейіпкеріміз, жаңа істе нәтижеге қол жеткізу үшін аянбай жұмыстану қажет дейді. Ал отбасы әрқашан қасынан табылып, оған сүйеу болады.
– Мен өзімнің енеме әрқашан көрсететін қолдауы үшін алғысым шексіз, – деген Ақжарқын Ғалымжанқызының жүзінен жылулық сезілді. – Жасөспірім балаларыммен достық қарым-қатынастамыз, керемет жұбайым менің идеяларымды әрқашан да қолдап жүреді. Дәл соның ұсынысымен мен ұжымда дұрыс қарым-қатынас қалыптастыра бастадым. Өз мақсатыма жетер жолымда сүрынып кетіп жатсам да, ол менің құлауыма жол бермейді. Осындай отбасым барда, мен өз ісім мен екі ортада таңдауға қалып көрген емеспін. Әдетте кей нәрселерден бас тартуға келеді ғой, ал менде барлығы да өз ретімен шешіліп жатады. Сүйікті адамдар, сүйікті ісім, барлығына да уақыт жеткізе аламын. Мен 100% бақыттымын деп айта аламын.
Біздің кейіпкеріміздің шағын болса да, маңызды ережелері бар, барлық деңгейдегі тепе-теңділікті сақтау үшін оған сол ережелерін ұстанса, жеткілікті. Мүмкін сіздерге де бір көмегі тиіп қалар. Өзіңе де, өзгеге де ұқыпты болу, бастысы – барлығына махаббатпен қарап, әр ісіңді махаббатпен жасау. Міне, оның шексіз бақытының қарапайым рецепті.