previous arrow
next arrow
Slider
ХАБАРЛАНДЫРУЛАР
Яндекс.Метрика

Мейрамбек Қойшыбаев: «Кәсіп бастаймын деген жастарға Мемлекеттің қолдауы зор»

@istoriya__uspeha

Ол кішкентай кезінен саудаға жақын болып өседі. Күзгі, қысқы, жазғы демалыстың бәрінде ол ауылға барып, әкесімен бірге шөлмек, металл жинап, тапсырады екен. Одан бөлек ауылдағы дүкенде сауда жасауға көмек береді. Оқушы кезінен бастап «Қайтсем бір тиынды екі тиын етемін» деп ержеткен кейіпкеріміз Мейрамбек Қойшыбаев еңбекқорлығы мен табандылығының нәтижесінде батыс өңіріндегі ірі кәсіпкерлердің қатарына қосылып келеді.

Орал қаласының базарлары мен сауда үйлеріндегі балғын, хош иісті күлшелер көпшіліктің күнделікті тұтынатын асына айналғалы біраз болды. Иісі бұрқырап, былқылдап тұрған күлшелерді қонақтық дастарқанынан да жиі көреміз. Сол күлшелерді жап-жас, қазақ жігіті дайындап, көпшілікке ұсынып жүргенін біле бермейді екенбіз.

«Стимул» ЖШС-нің иесі Мейрамбек Қойшыбаев күлше дайындаумен 2016 жылдан бастап айналыса бастапты. Оған дейін ол оқушы, студент кездерінен бастап орталық базарда, «Алтын алма» базарында жүк тасушы болып еңбек етеді. Жүк тасып, жинаған ақшасына балаларды серуендететін машина сатып алып, қалалық демалыс саябағында өз кәсібін бастайды. Сол кезде технолог досы «Бисквит печенье пісіріп, сатсақ, қалай болады?» деген идея айтады. Досының ұсынысын қуана қабылдаған Мейрамбек көп ойланбастан жинаған ақшасына  күлше пісіретін вафельницалар сатып алып, жұмысты бастап кетеді. Алғашында күлшелері өтпей, сауда жүрмейді. Бірақ қиындыққа мойымаған жас кәсіпкер аз уақыттан соң рецептін өзгертіп, кәсібін қайта қолға алады. Жинаған ақшаларына астық, жұмыртқа қажетті заттарды сатып алып, істі бастап кетеді. Өздеріне ыңғайлы болу үшін, шағын бөлмені жалға алады.

– Сол кездері кішкентай ғана бөлмеге 40000 мың теңге төлейтінбіз. Жұмыстан кейінгі уақытта апам және бір кісіні алып, үшеуміз пісіре бастадық. Жайлап күлшелеріміз өте бастады. Шағын цехқа вафельницалардың санын 20-дан, 40-қа жеткізіп тізіп қоямыз. Бір кісі кондитер қапшығына құйылған тестоны құйып шығады. Екінші кісі піскендерін жинап алып отырады. Өзімізше цехтағы жұмысты оңайлатқан түріміз ғой. Мен дайын өнімдерді түске дейін сатып келемін. Күніне 100-150 коробка күлше дайындап, сатып жүрдік. Орталық базардағы конфет-күлше, тәттілер сататын 33 қатар бар. Алғашында біздің өнімді солардың біреуі ғана алып еді. Енді 33-і де түгелдей бізге тапсырыс береді. Жұмысымыз жүре бастағанда дайын күлшені салуға бізге 1000 қорап қажет болса, қазір бізге бір жүк көлігіндей (Фура) қорап керек. Бисквит  күшелеріне қажетті шикізатты жұма сайын аламыз. Бір жұмада 36000, яғни жүз қорап жұмыртқа керек. Оны өзіміздің құс фабрикасынан аламыз, – дейді бізбен өз кәсібі жөнінде ой бөліскен Мейрамбек Қойшыбаев. 

Кейіпкеріміз Жалпақтал ауданы, Қарасу ауылының тумасы. Ол  Орал қаласындағы №4 орта мектепте білім алған. Тоғызыншы сынып бітірген соң  қаладағы колледждердің бірінде бухгалтер-экономист мамандығы бойынша білімін жалғастырады. Оның бизнес бастауына еңбекқор, шыдамдылығына қоса есепке тиянақтылығы да әсер еткені анық. Базарлар мен шағын дүкендерде «ALANI» брендімен  танылған балғын күлшелер бүгіндері Орал қаласынан бөлек, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Алматы қалаларының ірі супер, гипермаркеттерінде саттыққа шығарылуда.

– Алғашында бізді ешқандай супермаркет қабылдамады «Тек Жәңгірхан» сауда үйіндегі супермаркетке күлшемді қойып жүрдім. «Анвар» супермаркетіне күлшемді құшақтап күнде баратынмын. «Анвар» супермаркеті күлшемізді саттыққа шығара бастағанда, Ақтөбедегі «Анвар» супермаркеті бізге бес жүз келі күлшеге тапсырыс берді. Оны әкем екеуміз жеткізіп бердік. Сөйтіп басқа қалаларға да өз өнімдерімізді шығара бастадық. Кейіннен  20 жыл бос тұрған ғимаратты сатып алып, өз қаражатымызға цех салып алдық. Биыл кәсібімізді кеңейтіп, үлкен цех пен үлкен қойма саламыз. «ALANI» күлшелерін соңғы аптада әдемі қаптамада шығара бастадық, –
дейді жас кәсіпкер. 

Кейіпкеріміздің саудасы соңғы екі жылда жақсы дамып, жүре бастаған. Ол күлше  дайындалатын цехтың тазалығына ерекше мән береді. Құрамындағы қоспалардың бәрі табиғи болғандықтан лас, ылғал жерде күлшелер тез бұзылып, көктеп кетеді. Сондықтан жарамдылығы бір айға жететін бисквит күлшелерінің тазалығы әр кез кәсіп иесінің назарында. Жас кәсіпкер кәсібін кеңейтуге және өнімді еліміздің ірі қалаларына жоспарлы сатуға байланысты  цехтың жалпы өнімділігін арттыру мақсатында өндіріске жаңа желіні енгізу үшін «Банк Центр Кредит» АҚ-на өтінім берген. 

– Биыл цехқа құрылғы алу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ арқылы «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бойынша 60 млн теңге несие алдық. Біз сыйақы мөлшерлемесі 21 пайыз несиенің 7 пайызын ғана төлейміз. Қалған мөлшерлемесін мемлекет субсидиялайды. Жалпы, қазір «Кәсіп бастаймын» деген жастарға  Мемлекет көп көмек жасауда. Кәсібін кеңейткісі келетін, мақсаты айқын жандар үшін бұл үлкен мүмкіндік, – дейді Мейрамбек Мәлікұлы.

«ALANI» күлшелері  «Алтындар», «Дина, «Анвар» сауда желілерінің нүктелерінде, сондай-ақ Орал қаласының базарлары мен азық-түлік дүкендерінде сатылады. Жас кәсіпкер негізінен өзіміздің отандық өнімдерді қолданады. Тек хош иісті сапалы  ванилинді шетелден алдырады екен. Мейрамбек Мәлікұлы бұл күндері 30-дан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 28-і Орал қаласында. Қазіргі уақытта цехта қызмет ететін операторға - 200000-210000 мың, кондитерге -180 мың, жүк тасушыларға -  140 мың көлемінде ай сайын жалақы төлейді. Кейіпкеріміздің алға қойған мақсаты – кәсіп аясын кеңейтіп, одан әрі дамыту. Бастаған кәсібінің нәсібін көріп, өзіндей жастарға үлгі болған жас кәсіпкерге біз де өз тарапымыздан тек сәттілік тілейміз.